Биыл, 2024 жылы 26 тамызда көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы (1965-1978 жж), саясаткер һәм дипломат Ниязбеков Сабыр Біләлұлының дүниеден озғанына 35 жыл толады. Оның өмір жолы коммунизм құруға құлшынған мемлекетте қызмет етуімен етене байланыста болған кезеңдерде өткен. ХХ ғасырда әлем күрделі жолдармен өзгерді және бүгінгі ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанда өсіп келе жатқан кейінгі буын ұрпақтары да советтік жүйедегі Қазақстан тарихын өзгеше қабылдайды. Өйткені, тарих ғылымы да өтпелі кезеңдерде жаңаша көзқараспен талдауға бет бұрды. Дербес тұлғаның өзі өмір сүрген кезеңдердегі атқарған істерінің мәнді де мағыналы болуы қоғам тынысымен тікелей байланыста болып, туған жеріне, елінің мүддесіне еткен еңбегімен бағаланатыны шүбәсіз.