Қазақстан – әлемдік өркениеттің бір бөлігі ретінде адамзат дамуының ортақ сатыларынан өтіп келе жатыр. Адамзат баласының жер бетіндегі өзге тіршілік иелерінен өзгешелігі де, артықшылығы – рухани әлемінің болуы. Адамзат баласы өнер жаратады, оны таратады, сақтайды. Адамзат қоғамында өнер қай дәуірлерде туып қалыптасқандығы туралы әлемдік өнертанушылар ежелгі дәуірлерден жеткен заттай артефактілер арқылы болжам жасай алады. Үңгірлердің қабырғаларында, тастардың бетінде ежелгі адамдардың салған суреттеріне, олардағы сюжеттерге, археологиялық қазбалар нәтижесінде табылған көне саз аспаптарына қарап, сонау қауымдық құрылыс кезінің өзінде өнер түрлері болды деуге негіз бар.