Қазақ музыка өнерінің қара шаңырағы – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы – Қазақстандағы тұңғыш жоғары музыкалық оқу орны. Оның ашылуы Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан қиын кезеңге дөп келгенмен ол қазақ жеріндегі кәсіби музыка білімінің негізін қалауға мүмкіндік бергені рас. 1944 жылы 24 шілдеде Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі Алматы қаласында Мемлекеттік өнер институтын құру туралы қаулы қабылдады. Осы шешімге сәйкес, сол жылғы 1 қазаннан бастап Алматыдағы музыкалық-хореографиялық комбинаттың базасында (қазіргі П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі) жаңа өнер оқу орны ұйымдастырылды. Кейін бұл институт Мәскеу және Ленинград консерваториялары үлгісінде Алматы консерваториясы болып қайта құрылды. 1945 жылы оқу орнына қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді. Сөйтіп, соғыс өрті бәсеңдемей жатып-ақ, қазақ жеріндегі алғашқы консерватория құрылды.
Мәдениет