Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» кітабында «Кеңгірдің қырық күні» деген бөлімде Ұлытау облысында болған Кеңгір көтерілісі жайлы баяндалған. Бұл Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кеңес лагерьлерінің тарихындағы ең қайғылы оқиға. Сол кезеңде ең көп қолданылған 58-баппен бас бостандығынан айырылған 20 мыңдай тұтқын Кеңгір су қоймасын, жылу-электр орталығын, байыту фабрикасын, болашақ Жезқазғанның әлеуметтік нысандарын салып, қайнаған құрылыстың бел ортасында жүрді. Солардың күшімен Крестовский, Теректі кенттері бой көтерді. Шахта мен карьердегі, Байқоңыр көмір ошағындағы, Балқаштағы, Екібастұздағы, Алтайдағы ауыр жұмыстарға да тұтқындар аяусыз жегілді. «Степной лагерьдің» Кеңгір бөлімшесінде 1954 жылғы 16 мамырда басталған көтеріліс қырық күнге созылып, Кеңес Одағындағы «ГУЛАГ» жүйесінің бұдан әрі таратылуына себепкер болған еді.