ХҮІІІ ғасырдың ортасында Жоңғария хандығын Цинь империясы әскері біржола талқандап құртып жіберді. Тарихтағы тұтас халықты түгелге жуық қырып жіберген ірі геноцидтердің бірі болған бұл жорықтан кейін ұланбайтақ өңір толыққа жуық иен қалғаны айтылады. Бұл жерлер – бір заманда қазақтардың мекендеген атамекені болатын. «Қазақстан тарихы» академиялық жинағының 3-томында былай деп жазылған: «Жоңғар мемлекетінің құлауы аймақтағы саяси жағдайды түбірімен өзгертті. Қазақтың Орта жүзі мен Ұлы жүзі Қазақстан жөнінде де басқыншылық жоспарлар жасаған орасан зор агрессияшыл Цин империясымен бетпе-бет қалды». Расымен де Жоңғария мемлекеті қазақтар мен Циндік Қытай арасында буферлік рөл атқарып тұрған болатын. Бұдан былай Цинь империясымен тікелей қарым-қатынас жасауға тура келді. Ойраттармен, олардың кейінгі құрамасы жоңғарлармен ғасырлар бойғы арбасу, шайқасулардың соңғы кезеңінде тарих сахнасына шыққан Ер Жәнібек Бердәулетұлы Жоңғария құлаған тұста өзінің соңынан ерген жұртымен бірге Қарқаралы мен Шыңғыстау аралығында мекендеп жүрген болатын.