Қазақстан Республикасында құрылыс индустриясы үлкен маңызға ие. Ел астанасы Астана қаласы ғана емес, республикалық маңызға ие қалалар, облыс, аудан орталықтары мен кенттер жаңа ғасыр жүзінде түрленіп, көркейе түсті. Әсіресе, Астана қаласындағы құрылыс қарқыны сырт көзге бірден шалынады. Елімізде жыл сайын жүздеген ғимараттар мен құрылыстар пайдаға беріліп, қоныс тойлары тойланып жатады. Адамзат игілігіне арналған ғимараттар мен құрылыс нысандарын жобалаудан бастап, құрылысын жүргізу, пайдалануға беруге дейінгі үдеріске бақылау жасау, олардағы адам өміріне, жалпы қоршаған ортаға қауіпсіздік талаптарының сақталуы – қашан да маңызды. Олай болмаған жағдайда құрылыс салушылар сапа емес, сан қуалап, не бір келеңсіздіктерге жол ашылған болар еді. Мұндай жауапсыздықтың салдары мен нәтижесіне мысалды алыс-жақын шетелдердегі алапат жер сілкінісі, су тасқыны т.б. кезіндегі ғимараттар мен бөгеттер, жол құрылыстарының төтеп беруін, бүлінгіштігі мен беріктігін алуға болады. Қазақстандағы осы бір аса маңызды салаға жауапты мекеме – «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорны. «Мемсараптама» РМК қызметі ауқымы: қала құрылысын жоспарлау, аумақтарды дамыту және салу, әлеуметтік, өндірістік, рекреациялық, инженерлік және көлік инфрақұрылымдары объектілерінің (энергиямен жабдықтау, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, магистральдық көлік, байланыс, коммуникациялар, коммуналдық-тұрғын үй шаруашылығы және тіршілікті қамтамасыз ететін басқа да жүйелерінің объектілерін қоса алғанда) жобаларын кешенді бағалау болып саналады. Биыл осы мемлекеттік кәсіпорынның құрылғанына 35 жыл толып отыр. 35 жыл ішінде қалыптасу, даму жолынан өткен «Мемсараптама» РМК тарихына қысқаша шолу жасауды жөн көрдік.