Ұлы дала туралы жазған еуропалық зерттеушілердің еңбектеріне үңілсеңіз, бір қызық заңдылық көзге түседі: олар қазақты алдымен оның өрнегі арқылы таныған. Потанин киіз үй ішіндегі әрбір бұйымның, тіпті ағаш пен киіздің өзі өрнексіз қалмайтынын таңданыспен жазса, Мейендорф қазақ атауының өзінде еркіндік пен жауынгерлік рух жатқанын аңғарған. Ал Радлов болса, Алтайдан Оралға дейін созылған ұлан-ғайыр кеңістікте өзін «қазақ» деп атайтын біртұтас халықтың өмір сүретінін айтып, сол халықтың тілі мен болмысы сияқты өрнегі де ортақ жүйеге бағынатынын байқаған. Осы байламдардың бәрі бір нәрсеге келіп тіреледі: қазақтың ою-өрнегі – жай әшекей емес, ол – тұтас өркениеттің көркем коды.
Мәдениет