Педагог мәртебесін қалай көтереміз? Рас, ертеректе педагогке деген қоғамның құрметі айрықша болды. Тіпті көшеде мұғалім келе жатқанда үлкен адамдар ғана емес, оқушылар да аяқ тартып ысырыла жол беріп, шетке ығысатын. Именетін, мәртебесін сыйлайтын, беделінен қаймығатын. Бүгінгі сананы нарықтық қоғам түсінігі тереңдей билеген кезеңде бұл құбылыстың да мән-маңызы жойылып бара жатқандай әсер қалдырады. Дегенмен де «ғалым да, шахтер де бас иетін» ұстаздар қауымының қадірі артып, беделі биіктесе қоғамның да дамуына серпін береді.