Арадағы үзілістерден кейін Республика күні мерекесін қайта тойлап отырған мемлекеттің бүгінгі таңдағы зор бақыты – тәуелсіздігі, үлкен жетістігі – астанасы. Өзін жеке мемлекет деп санайтын елдің бәрінің де астанасы бар, бірақ, біздің астанамыздың ерекшелігі – ол тәуелсіздік алғаннан кейін салынған жаңа қала. Халқының саны жағынан Нидерландымен тең түсетін, ал жер көлемі бойынша Еуропадан екі есе үлкен Қазақстан үшін ерекше жағдайдың бірі – астананы көшіру болды. Бүгінде Астананың халқы көбейіп, ал өзі сәулеті жағынан көркейе түскен. Бізге ата-бабаларымыз осынау кең-байтақ жерді, сакральды құрылыстар мен қабірдегі жазулардан тұратын ескерткіштерді, көне қалалар орнын, өркениет туралы тарихты қалдырған, ал Астананы сол өркениеттің жалғасы, жаңа заманның басы деуге болады.