Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, барлық жанрда қалам тартқан әмбебеп дарын: ақын, жазушы, журналист Ілияс Жансүгіров өзінің аз ғана ғұмырында 15-ке жуық поэма жазды. Соның бірі – 1926 жылы жазылған «Рүстем қырғыны» дастаны. Бұл туынды ақынның көзі тірісінде жарияланбаған. Өзі өмірден өткеннен соң жиырма шақты жылдан кейін, яғни 1960 жылы алғаш жарық көрсе, екінші рет 2004 жылы жазушының «Қазығұрт» баспасынан шыққан көптомдығының 3-томына жарияланыпты.