Қазақ елі Ресей империясының құрамында отаршылдықтың езгісінен еңсесін көтере алмай жүргенде, Ертіс бойында туған, ұлы дарияны жағалап бірталай тарихи-этнографиялық зерттеу экспедицияларын жүргізген, қазақтың жанашыры, жоқшысы болған ұлы ғалым Г.Н.Потанин «бұл жер, біздің өмір сүріп жатқан жеріміз, адамзаттың нағыз алғашқы отаны. Бұл жерде алғаш рет сенім (Күнге) пайда болды. Бұл жақтағы өзендер алғашқы адамдарға ана құшағы болса, тау шыңдарын олар әкеге балады. Мен қазір Адам ата мен Хауа ана мекендеген жұмақ Ертіс дариясының жоғарғы жағы деп сенімді айта аламын» дейді (Потанин,1881,76-б.).