Биыл қазақтың дүлдүл ақындарының бірі Шал ақынның туғанына 275 жыл. 1743 жылы Қазақтың Көкшетауында дүниеге келгені, 1819 жылы Арқада қайтыс болғаны зерттеулер негізінде тұрақтанған. Шал ақынның азан шақырып қойған аты Тілеуке. Әкесінің аты Құлеке. Әдебиетте Тілеуке Құлекеұлы дегеннен гөрі Шал ақын атауы жиі аталады. Сегіз жасында сері атанған Мұхамметқұнапияның Сегіз сері атанғаны секілді, Тілеуке Құлекеұлы да он үш жасында даналардай төгілте жыр жырлағанынан жұрт Шал ақын атап кетіпті деген деректер бар. Қазақтың сөз салтында бар тергеп атау жүйесіне сүйенсек бұл да жоққа шығаруға болмайтын болжам.