Биыл Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына жетпіс жыл толып отыр. Қазақстан Республикасы – астық өндіруші және өзін-өзі астық өнімдерімен толық қамтамасыз ете алатын мемлекеттің бірі деген желеумен аз уақытың ішінде ондаған миллион гектар жер жыртылып, қазақ даласының ту-талақайын шығарды. Мұны сол кездегі иделогия бойынша тың игеру науқанын – мемлекетіміздің қауіпсіздігінің кепілі әрі құлазып жатқан сүреңсіз даланы отан игілігіне беріп жатырмыз деп түсіндірді. Адам мекендемеген құлазыған далада дамыған поселкелер салынып, электр жарығы, қуатты техникасы бар мындаған совхоздар құрып жатырмыз деп ұрандатты.