XV ғасырдың орта тұсында құрылған Қазақ хандығы өзінің алғашқы күнінен бастап ел мүддесіне сай, ру-тайпалардың этностық аумақтарын қалпына келтіру үшін күрес жүргізді. Ол мемлекеттің қабырғасын қатайтып, іргесін бекітіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын тіктеді. Сондай күрестердің біріне – 1510 жылы қыс айларында Ұлытау маңында Қасым хан мен оның сол кездегі басты қарсыласы – Мұхаммед Шайбани хан арасында өткен ұрыс жатады. Бұл ұрыста кім жеңіске жетсе, сол бүкіл Дешті Қыпшаққа иелік етуші еді.