Бүгін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ұлт ұстазы деген атқа шын мәнінде лайық тұлғаның қазақ әліпбиінің негізін жасап, тілтану ғылымын зерттеп, ағартушылық бағытта да жаңа заманға қызмет еткен еңбегі әрқашан да зор құрметке лайық. Әлі күнге дейін тілші-ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының басында үш жылдыққа арналып жазылған «Тіл-құралына» (Орынборда жарық көрген) үңіледі, айталық, «Дыбыс жүйесі мен түрлері», «Сөздің жүйесі мен түрлері», «Сөйлем жүйесі мен түрлері» атты оқу құралдары қашанғыдай маңызын жоғалтқан жоқ. Ғалым «Байаншы» деп аталатын әдістемелік құралын (Қазанда жарық көрген) өзінің он төрт жылдық бала оқыту әдістемесіне сүйеніп жазған делінеді. Екі бөлімнен тұратын «Тіл-жұмсар» кейін толымды ғылыми еңбектердің жазылуына түрткі болды. Үлкендерге арналған «Сауат ашқышта» (әуелі 1924 жылы Орынборда, кейін 1926 жылы Семейде шыққан) 40 тақырып қарастырылып, мысал оқулар үшін Абайдың, Ыбырайдың, Елдес Омаров, Телжан Шонанұлы, Әлихан Бөкейхан, т.б. ағартушылардың шығармалары енгізілген. Ғалымның одан бөлек «Әліп-би» оқу құралы, қазақ терминологиясына қатысты еңбектері де іргелі ғылымның бастауы болды. Төменде ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне қатысты ғалымдар пікірін келтірдік.