Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері, Алаш партиясы, жалпы Алаш туралы сөз болса, зерттеушілер аса мән беріп, тоқталмай өтіп кетуі мүмкін емес бір дүние бар. Ол – 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерісі. Сол кезеңдегі патшалық Ресейдегі монархиялық биліктің жойылуына тек қарапайым орыс шаруалары ғана емес, оның құрамындағы өзге де ұлт пен ұлыстар мүдделі болды. Бірақ осы төңкерістердің Алаш зиялылары үшін маңызы қандай еді? Жалпы Алаштықтар неге революциялық толқулардың болуын ерекше жақсы көрді? Бұл – бүгінгі күнге дейін тарих бетінде үлкен сұрақ туындатқан мәселе. Қош, сонымен сөзімізге тұздық ретінде сол бір өткір тақырып төңірегін жіті зерттеген тарихшымен жүздесіп, біраз әңгімелескенімізді айтқымыз келіп отыр. Бүгінгі спикеріміз – Астана қаласындағы Д. Қонаев атындағы 66 мектеп-лицейде тарих пәнінің мұғалімі, 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері кезеңіндегі Орал облысындағы қазақ зиялыларының қызметін зерттеген тарихшы Гүлнұр Шайхиева. Ендеше қадірлі оқырман назарына осы бір тақырып аясында өрбіген сұхбатымызды ұсынғалы отырмыз...