Қазақ халқы тарихының қасіретті кезеңінің бірі болған саяси-қуғын сүргін кезеңін кейінгі ұрпаққа бүкпесіз, бояусыз шынайы түрде жеткізіп, өмірде еш нәрсе кедір-бұдырсыз, теп-тегіс болмайтынын нақты мысалдармен өлке тарихына ұсынып, оны толықтыра түсу – ғалымдардың, өлкетанушылардың, аға буын өкілдерінің міндеті. Бірақ тарихты есту арқылы емес, көзбен көргенді, архив деректері арқылы баяндау дұрыс. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін халқымыздың «мың өліп, мың тірілген», «тар жолда тайғақ кешкен» тыныс-тіршілігі тарихымызға із қалдырған қасіретті күндер болды. Саяси қуғындау барлық бағытта да іске асты. Солардың Батыс Қазақстан өңіріндегі бірқатарына, дәлірек айтсақ, Адай мен Ырғыз көтерілісіне тоқталсақ...