X ғасырда арабтардың тарихи-географиялық ғылымы өркендей түсті, бұл кезеңде атақты зерттеушілер: Ибн Русте, әл-Истахри, Ибн Хаукал, Ибн Фадлан және тағы басқада елеулі еңбектері пайда бола бастады. Осы тұста, Ибн Хаукалдың «Жолдар мен елдер кітабы» (Китаб әл-масалик ва-л-мамалик) еңбегі ерекше орын алады. Ол өз еңбегінде түркі тайпалары туралы маңызды тарихи-географиялық мәліметтерін келтіреді. Оның түркі халықтарына тән тілдік сипаттамасы туралы мәліметтері де назар аударарлық, тіпті, Ибн Хаукал Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың біртұтас тілдік ортасы туралы өз көзқарасын білдіреді.