Адамның бір нәрсені толық түсінуі үшін аталған мәселе туралы алпыс пайыз түсінігі, екіншіден, соны шын түсінуге деген зор зауқы болуы керек. (Габриэль Тард)Не нәрсенің болсын нарқы тек салыстырмалы жағдайда ғана анықталады ғой. Бұл тіпті кез келген жанның бойындағы ізгілік пен адамгершілік, парасат пен ақыл аумағына да тікелей қатысты дүние. Мұны не үшін айтып сөз шығындап отыр десеңіз, философия мен тарих, әлеуметтану мен саясаттану бірімен-бірі сабақтас пәндер десек те болады. Айталық, философия адамзаттың мәңгілік сұрақтарына жауап іздеу арқылы алдағы уақыттың атмосферасы жайында ақпар берсе, тарих өткен шақ өміріне, ал саясаттану мен әлеуметтанудың сан қатпарлы саласына үңілмейінше, өзіміз өмір сүрген ортаның кескін-келбетіне шынайы баға беру қиын. Мен осы жазбамда аталған ғылымдар негізінде бұрнағы бабаларымыз бастан кешірген өткен шақ өмірі мен алдағы келер шақ мезетіне дербес пайым жасасам деймін. Біз нені дұрыс бажайлай алмағанның кесірінен деградацияға түстік? Ұлттық мәдениетіміз бен кісілігіміз қай жерден сүрініп, қай жерден жеңіліс тапты? Егер мәдениетіміз өзге мәдениеттер алдында тең дәрежеде текетіреске түсе алмай, олардың мәдени экспанциясының алдында тізесін бүксе, онда қай жерден қателіктерге бой алдырдық? Мұны біз қай мейманамыз бен пиғылымыздан таптық? Әлде бұл сана көкжиегіміздің реалды көрінісі ме еді? Есім хан мен Қасым ханның заманында («адамды ат теуіп өлтірсе қайтеміз?» деп отырғанда) Еуропаның ойлау пәлсапасы нендей деңгейде еді? Ал ол кезде біз не істеп жүрдік? Жарайды, Есім ханның ескі заңы мен Қасым ханның қасқа жолын айтпағанда, Абай мен Алаштың жазбалары тек мәтіндік нұсқа ма әлде сол кездегі ой мен сананың өз өлшемі ме?Мінекей, осы секілді сандаған сауалдарға төмендегі жазбамызда шама-шарқымызша жауап іздестіріп, өзімізше ой өрбітетін боламыз.