Жуырда Астанадағы Жастар театрында оралдық «Алтын Орда» театры Сырым батыр қойылымын қойды. Бұл қойылымның ерекшелігі – ойнағандар кәсіби актерлер емес. Екіншіден, осы қойылым арқылы өнерге қолдау көрсете алатын азаматтар барын білдік. Театр ұжымының Астана қаласына сапарлауына Дат ұрпақтары, белгілі кәсіпкерлер Берік және Ерік Бисенғалиевтер демеушілік жасаған (айта кетелік, қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті – "Esil University" директорлар кеңесінің төрағасы Берік Бисенғалиев Қажығали Мұхаметқалиұлының "Тар кезең" романын орыс және ағылшын тілдеріне тәржімалау жобаларын да қаржыландырған болатын). Елорда төрінде алғаш сахналанып отырған «Сырым батыр» тарихи қойылымнан кейін Дархан Мыңбай ағамыз: «Сырым батырды ең алғаш әр заманда тәуелсіздік тұрғысынан қарап, осы Астана төрінде халыққа көрсетіп жатқаны шынын айтқанда жетістік деп айтуға болады» деген болса, ҚР президенті сыйлығының лауреаты, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қыдыр ағамыз: «Өнер көрсеткен ұжымға алғысымыз шексіз. Өйткені өте күрделі тақырыпты таңдап алған, қазақ тарихындағы үлкен тұлға Сырым Датұлы. Өкінішке орай, Сырым Датұлының бейнесін көрермендер көрген жоқ еді, бүгін міне қауышып, өте қуанышты жағдайда отыр» – деп пікір білдірді. Біз Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актеры әрі режиссері, Бөкей Ордасы ауданының Құрметті азаматы, ҚР мәдениет саласының үздігі Әбуов Самал Қадерұлымен осы қойылымға қатысты әңгіме өрбіткен едік.