Біз Оралдағы іссапарымызды облыстық өлкетану музейінен бастадық. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі – Қазақстанның көне музейлерінің бірі. 1836 жылы құрылған. Ғимаратына келсек, 1879 жылы мавритан стилінде салынған. Музей директоры Мирболат Ерсаевтің айтуынша, ғимарат о баста арнайы орыс-қазақ қолөнер мектебі үшін салынғанымен, азамат соғысы кезінде мұнда облыстық әскери комиссариат орналасыпты. Одан кейін XX ғасырдың 30-шы жылдары оқу сыныптары, интернат, асхана, клубтары бар Орал кәсіптік техникалық мектебі болған. №75 қалалық кәсіби-техникалық училищесіне, ал 1963 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына беріліпті де, 1973 жылғы 12 сәуір күні облыстық атқару комитетінің бұйрығы бойынша мәдениет басқармасына табысталған екен. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде бүгінде 200 мыңға жуық жәдігерлер сақталған, ішінде 190 жылдық тарихы бар артефактілер кездеседі.