2000 жылдардың басында қазақ руханиятында ерекше екі басылым болды. Бірі - Атырау шәрінде шығатын «Алтын Орда» газеті болса, екіншісі - Алматы қаласында шығып тұрған «Жас қазақ» газеті еді. Бұл қос газеттің біріне Мейірхан Ақдәулетұлы, ал екіншісіне Талғат Ешен есімді қазақтың екі интеллектуал азаматы бас редактор болған еді. Екеуі де елге белгілі ғажайып ақындар. Бәз біреулердің: «Журналист болмаса, ақын ешқан жарытып газет шығара алмайды», - деген сыпсың сөздерінің ауызына құм құйып, әлгі әпербақан түсініктің аяғын көктен келтірген де осы талантты қаламгерлер болды. “Әдебиет порталы” «ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР...» айдарымен тек осы екі басылымда ғана емес, жаңа ғасырдың басында қазақ баспасөзінде жарық көрген небір жілікті жазбалар мен танымдық сұхбаттарды сұрыптап алып, оқырман жадында қайта жаңғыртуды жөн санап отыр.Бұл жолы бар саналы ғұмырын қазақ фольклорын жинауға, соның ішінде тұрмыс-тіршілігіндегі ұмыт болып бара жатқан атаулар мен сөздерді жинауға арнаған, халқымыздың этнографиялық қазынасын толықтыруға өлшеусіз үлес қосқан ғалым-зерттеуші Жағда Бабалықұлының “Жас қазақ” газетіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.