Қазақ елі Совет одағынан бөлініп шыққан отыз жылдан бері жеке ел ретінде дербес саясат жүргізіп келеді. Сыртқы дипломатиялық қатынас және ішкі саясатта да өзіне тән ұлттық ұстаным, елдік көзқарас қалыптастырды. Әйткенмен соңғы жылдардағы қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттар иірім астында жатқан өзге де шындықтың бетін ашқандай болды. Қағынан жерінген, тілінен безінген, төл мәдениетін тәрк еткен керағар көріністер көріне бастады. Мінберлерде ұшқары ойлар айтылып, қоғамдық ортада дүмбілез көзқарастар бас көтерді. Әсіресе, осы тақілеттес бөтен ойдың тәуелсіздіктен кейінгі өскелең ұрпақ арасында бой көрсеткені тіксіндірмей қоймайды.