Көзі тірі болса қазақ киносының мэтрі Сатыбалды Нарымбетов кеше, 8 наурыз күні 77 жасқа толар еді. Өнер ортасы «Сәкен аға» атап кеткен Сатыбалды Жәлелұлы Нарымбетов 1969 жылы ВГИК-тің сценарий бөлімін бітірді, бірақ ол фильмдерін 80-жылдардан бастап, яғни, кинорежиссерлер мен режиссерлердің жоғары курсын бітірген соң ғана бастады. КСРО Мемлекеттік кино институтында Георгий Данелияның шеберханасында білім алды. Нарымбетовтың алғашқы шығармаларында Георгий Николаевичтің картиналарына тән жеңілдік, өміршеңдік пен нәзік мұң бар. Бірақ Нарымбетов кино кулуарларына бойлаған сайын драматургиясы мен Қазақстанның күрделі тарихына деген қызығушылығы арта түсті.