Орал қаласында сәулеті ерекше көз тартатын ғимарат жеткілікті. Көненің көзі, талай тарихи оқиғаның куәгері болып тұрған тарихи ғимараттардан бөлек, кейінгі жылдары салынса да бөлек тұрпатымен назар аудартатын ғимараттар жеткілікті. Соның бірі Орта Азия сәулет үлгісімен салынған Батыс Қазақстан облыстық орталық мешіті. Орал қаласының қақ ортасында, Абай даңғылында орналасқан сән-салтанаты бөлек бұл ғимараттың салынғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Мешіттің 41 метрлік екі мұнарасы ғимарат шатырынан тіке бой көтерген. Негізінен темір трубадан қойылып, сырты төрт және алты бұрышты етіп қапталған мұнара мозайкамен әшекейленіп, ақ түспен боялып, ұшар басына жарты ай белгісі қойылған. Ал күмбездің биіктігі 7 метр, 8 қырлы шыныдан жасалынған. Өзіндік әдемі көрінетін шынылы күмбез Германияда арнайы тапсырыспен жасалған. Салмағы 22 тонна. Күмбез үлкен зал ауасын реттеп отыру үшін ұшар басы электр тогына қондырылған түйме арқылы ашылып-жабылады.