Қазақ тарихын зерттеушілер өткен XVI-XX ғасырларда халқымыз әуелі патшалық Ресейдің кейін Кеңес одағының отарында болғанын біледі. Осы орайда, «Отарлау дегеніміз не?» дегенге тоқталсақ: күшті державалар әлсіз халықтарды күш қолдану арқылы бағындырып, олардың байлығын, жерін иеленіп қана қоймай, отарланушы елдің әкімшілік басқару жүйесін түбегейлі өзгертудің нәтижесінде толық үстемдік орнатуын айтады. Яғни, аталмыш процесті ғылыми негізде түсіндірер болсақ, отарлау саясаты – әскери күш қолдану арқылы жүзеге асатын, әрі отарланушы елді саяси һәм экономикалық кіріптарлыққа ұшырататын өте қатерлі құбылыс, яғни әлсіз халықтарды құлға айналдыру немесе жойып жіберу саясаты (ҚСЭ., 8-том – Алматы, 1976 ж. – 612-б).