Сыр бойы бүкіл орта ғасырларда Қазақстандағы қала мәдениетінің және суармалы жерлердің орталығы болды. Оның жағасында орналасқан Отырар, Сауран, Ясы, Сығанақ, Үзкент, Дженд және басқа да ондаған қалалар мен елді мекендер жағалаудағы жерлерді белсенді игерудің дәлелі еді. Сырдария алқабы, өзеннің осы өлке халқының өміріндегі рөлі мен маңызын ортағасырлық авторлар өз еңбектерінде де сипаттап өтеді.