Еліміздің тарихындағы ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы қоғамдағы қайшылықтар мен қасіретке толы кезеңнің тарихын зерттеуде ерекше ауқымды үлес қосып келе жатқан ғалымдардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Әбілжанұлы Ахметов есімі айырықша орын алады. Бүгінде жетпіске желкене көтерілген ағамыздың өмірі ғибратқа толы. Ол өзінің осынау салиқалы ғұмырында қаншама ғалым-шәкірттерді тәрбиелеп шығарып, ғылымның даңғыл жолын ашуға ықпал етті. Қадыр Әбілжанұлы тәрбиесін көріп, шапағатын алған шәкірттерінің өзі бүгінде әлемнің әр түпкірінде жемісті еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның болашағына сүбелі үлестерін қосуда.