Еліміздің тәуелсіздік алуы әдебиетке де өзгеріс әкелді деп жалпылама айтамыз, шын мәнінде бұл салаға айтарлықтай жаңалықтар келгенін байқауға болады, қазақ прозасы бұрынғы көңілі тоқ, социалистік жарыстан өзге уайымы жоқ кеңес адамының образынан арылып, жаңа бағытқа бұрылды. Тәуелсіздік алған жылдардағы экономикалық дағдарыс кезіндегі қарапайым адамдардың қиналысы, жас мемлекеттің бастан өткерген саяси-әлеуметтік қиындықтары мен оның жаңа қоғаммен өзара сәйкеспейтін қайшылықтары, осы кезге дейінгі сенімінен, идеалынан ажырап қалған адамдардың жұмыссыз қалып, тұрмыстың тауқыметін шеккен кездегі ішкі көңіл-күйі, өтпелі кезеңде күрмеуі шешілмеген көп мәселемен бетпе-бет қалған ұлт тағдыры, осыдан келіп туындаған, белең алған рухани жүдеулік – осының бәрі жаңа әдебиеттен, жаңаша стильдегі әңгімелерден көріне бастады.