Ал VIII ғасырдың соңы – IX ғасырдың басында халифаттағы қиын жағдай Аббасидтердің Мавераннахрға деген өз көзқарастарын өзгертулеріне мәжбүр етті. Олар жергілікті ақсүйектерді көтерілістерді басуға ғана емес, шығыс облыстарды басқаруға да тарта бастады, сол арқылы бұл аймақтарды өз қолдарымен бағындыруға тырысты. Халифа Мансур (754-775) және оның мұрагерлері Махди (775-785) мен Харун ар-Рашид (786-806) тұсында Мавераннахрда негізінен жергілікті ақсүйектер билеушілері басқарды. Бірақ бұл Орта Азиядағы халифа билігінің күшеюіне әкелген жоқ, керісінше, Мавераннахрдың араб билігінен азат болуына ықпалын тигізді.