Қатты желден Түркістан облысы, Кентау қаласында Алтынсарин атындағы №1 мектептің шатыры ұшып, оның сынығы мұғалімнің басына түскен. Қазір ол ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Түркістан облысында бірнеше күн тоқтамай жел тұрды. Бұған дейін өңірде үйлер мен өзге де нысандардың шатыры ұшып, мыңдаған абонент жарықсыз қалған. Әйтсе де осыған дейін дауылдың салдарынан ешкім зардап шекпеген болатын. Енді міне осындай жағдай орын алып отыр. Мектеп мұғалімін дереу ауруханаға жеткізгенде, дәрігерлер оған "миы шайқалған" деген диагноз қойған."Қазір науқастың жағдайы орташа. Басындағы самай бөлігіндегі жарақат тігілді. Травматология бөлімінде ем алып жатыр", – деді Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев.Айта кетейік, мұғалім кеше өз-өзіне келді. Ол өзінің мектепке қояр еш кінәсі жоқ екенін айтады. Айтуынша, оқиға үш әріптес боп өтіп бара жатқанда болған. Екеуі қашып үлгеріп, шатырдың сынығы мұның басына тиген. Бірақ аман қалғанына шүкір деп отыр өзі.Болған жағдайдан соң әрі қатты жел бәсеңсімегендіктен, ата-аналар баласын мектепке жіберуге қорқып қалған. Сондықтан Кентау қаласындағы барлық бастауыш сынып оқушылары апта басында қашықтан білім алуға көшірілген еді.