1970 жылы Жетісудағы Есік қорғанынан шыққан «Алтын адам» Қазақстанның символына айналғаны белгілі. Ал оның күміс зереншедегі 26 таңбасы көптеген зерттеушілердің назарын аударғанмен, нақты шешуі ұзақ жылдар бойы табылмай келген. Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент, жаратылыстанушы ғалым Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева (13.04.1945-24.02.2019) осы көне жазуды зерттеуге отыз жылын арнап, нәтижесінде көп томдық еңбек жазып шықты.