Ұлы ойшыл әл-Фараби есімін иеленген университетте болып жатқан әр алуан жаңалық тек университет ұжымын ғана емес, республика жұртшылығын да елеңдетері анық. Өйткені Әл-Фараби университеті қазақ білімінің қарашаңырағы ғана емес, бүгінгі таңдағы білім мен ғылым саласындағы қазақ бренді де. Ұлы ғұлама әл-Фараби есімі тек ҚазҰУ-дың ғана емес, еліміздің имиджін әлемдік деңгейге көтеруге ықпал ететін аса құнды рәміздік капитал санатында екені тағы бар. Қазіргі таңда университет ғалымдары еңбегінің тек қазақ көгінде ғана емес, әлемдік деңгейде таныла бастауының маңыздылығы арта түсуде. Бұл туралы жақында өткен гуманитарлық ғылым саласындағы ғалымдармен кездесуінде университет ректоры Жансейіт Түймебаев мырза ерекше атап өтті.