Түсінде Алла Тағаланы көру мүмкін бе, деген сұраққа кейбір ғалымдар мүмкін емес, кейбіреулері мүмкін деп жауап береді. Имам Нәуауи (Алла оны рахмет етсін) айтады: «Әл-Қази: «Ғалымдар түсінде Алла Тағаланы көру мүмкін әрі дұрыс екеніне бірауыздан келіскен. Алайда ұйқыда Алланы Өзіне лайық болмаған дене кейіпінде көрсе, оны (көрген нәрсесін) Алладан өзге нәрсе деп біледі. Өйткені, Хақ Тағаланы әлдекімге ұқсату мүмкін емес», деген. Ибн әл-Бақиллани: «Түсінде Алла Тағаланы көру жүрекке ой, қиял, болжам туғызады. Бұл нәрсе (жаратылысқа тән) болған немесе болып жатқан істерде кездеседі», дейді»[1].