Алматыдағы онкологиялық орталықта дәрі-дәрмектің науқасқа дейінгі жеткізу жолы роботтың көмегімен бақыланады. Яғни, роботтандырылған дәріхана кешені мен препараттарды жабық, герметикалық жағдайда дайындау жүйесі енгізілді. Жаңа технология дәрі-дәрмекті қабылдап, сақтаудан бастап, науқасқа беруге дейінгі үдерісті автоматтандырады. Жүйенің басты ерекшелігі әрбір препарат цифрлық бақылауда болады. Арнайы код арқылы дәріге жеке сәйкестендіру нөмірі беріледі. Онымен жасалған барлық әрекет жүйеде тіркеледі. Осылайша мамандар препараттың дәріханаға түскен сәтінен бастап науқасқа берілгенге дейінгі жолын бақылап отырады. Бұл онкология үшін аса маңызды. Себебі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің дәлдігі мен қауіпсіздігі емдеу сапасына тікелей әсер етеді. Қазір Алматы онкологиялық орталығында 38 мыңнан аса науқас есепте тұр.