Солтүстік Қазақстан облысында жидек теріп жүрген әйелді елікпен шатастырып, абайсызда атып өлтірген Сергей Лосеняға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. Мамлют аудандық сотының мәліметінше, ведомство қылмыстық істі қылмыстық кодексі 104-бабының 1-бөлігі, 287-бөлігі 3-бөлігі, яғни абайсызда өлтіру және атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, алып жүру бойынша қарады. Ер адам оптикалық көздеуіші бар иір ойықты спорттық-аңшылық қаруды және 5,6 мм калибрлі патрондарды заңсыз сатып алып, үйінде сақтап келген. 2022 жылдың 11 маусымында ол ауыл арасындағы жолмен Жамбыл ауданы Бауман стансасына бармақ болады. Жолда бидай алқабында жүрген әйелді елік деп қалып, оны қолындағы мылтығымен атады. Салдарынан әйел иығынан жараланып, кейін сол жарақатынан қайтыс болды. Сотталушының кінәсін куәгерлер де растады, жиналған материалдар арқылы да толық дәлелденді. Прокурор ер адамды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Зардап шегушілер де бұл жазамен келісті. Сотталушы қылмыс жасағанын мойындады. Сот үкім шығарарда оның шын жүректен өкініш білдіруін және қылмысты спирттік ішімдік ішіп жасағанын есепке алды. Нәтижесінде барлығын ескере отыра ер адамды 3 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде атқарады. Сондай-ақ зардап шеккен тарапқа 3 млн теңге моральдық шығынның орнын толтырды. Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Естеріңізге салайық, Сергей Лосеня аң аулауға шығып, 52 жастағы Алтынай Мұздақпаеваны абайсызда атып алған еді. 65 жастағы ер адам жидек теріп жүрген әйелді аңмен шатастырып алған. Кейін осы оқиғаға қатысты полицияның учаскелік инспекторы да қамауға алынды.