Дәл осы әлеуметтік өнімді сататын дүкендер аз емес екен. Дегенмен таңнан тұрып келген тұтынушының бәрін қамтуға мүмкіндік бола бермейді. Оның үстіне әлеуметтік ет күнде сатылып жатқан жоқ. Сүбелі болмаса да, сорпа қайнатуға жарайтын әлеуметтік етке сұраныс көп. Сатушылардың айтуынша, қолжетімді ет түске дейін бітіп қалады. Қаладағы 73 супермаркет, одан бөлек 5 фирмалық ет дүкені және базарларда ашылған 5 әлеуметтік сауда нүктесіне күніне 3 тонна ет жеткізіледі. Әлеуметтік ет ретінде 2050 теңгеге тек төс бөлігі мен қабырға ғана сатылады. Оның еркін нарықтағы бағасы 2300-2400 теңгенің айналасы. «Бағаның төмендегені жақсы-ақ. Алайда арзан еттің көлемі аз», – дейді тұрғындар.