Жұрттың бәрін ынтықтыратын, әйтсе де әдебиеттің заңды игілігіне айналу үшін аса үрейлі тақырыптар бар. Егер оқушыларды жәбірлеп әлде шошытқысы келмесе, романшының әдетте одан аулақ жүргені абзал. Айдай ақиқаттығы алғаусыз болған жағдайда ғана бұл тақырыпқа қалам тартуға болады. Мәселен, Березинадан өту туралы, Лиссабондағы жер сілкіну жөнінде, Лондондағы оба жайында, Варфолемей түні немесе Калькуттаның Қара Апанында жүз жиырма үш тұтқынның қалай тұншығып өлгені жайлы оқығанда «қайғылы қасіреттен» жанымыз өксіді. Әйтсе де бұл жазылғандардың ақиқаттығы ғана, растығы ғана, шындығы ғана бізді толғандырады. Егер олар ойдан шығарылса, әрине біз жиіркеніштен басқа ештеңе сезінбеген болар едік.