Айналаны бір сәтке болса да көру – зағип жандар үшін баға жетпес арман. Жазмыштың жазуымен жанарынан айырылған жандарға арналған іс – шара жыл сайын 13 қарашада атап өтіледі. Бүгінде облысымызда «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне 1500-ге жуық зағип тіркелсе, ал қала бойынша 180 зағип тіркеуде тұр. Сүйеніш Еркінов Түркістан қаласының тумасы. Бүгінде «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 1-топ көз мүгедегі. Жастайынан өнерге құштар азаматтың туа бітті бір көзі мүлдем көрмейді. Кәмелетке толған соң екінші жанарынан айырылыпты. Сонда да еңсесі түспей, көпке үлгі болып жүрген ол қазіргі таңда мүгедектер арасындағы жарыстарда жүлдегер атаныпты. Сондай-ақ азамат бүгінде құран үйреніп, мәдени шараларда өнер көрсетіп жүр.