Түркістанда әлем чемпионатының жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді. Бүгін облыстағы жауынгерлік өнер қауымдастығының құрметті президенті Әбілсейіт Дүйсебаев түркістандық спортшыларды қабылдады. Ол жуырда Арменияда және Болгарияның София қаласында жастар арасында өткен Әлем чемпионатының жүлдегерлерін жеңістерімен құттықтап, алғыс білдірді. Жауынгерлік жекпе-жек түрлері көбіне олимпиада бағдарламасына кірмей қалып жатады. Бірақ, оның мәртебесін төмендетпеу керек. Осы бағытта Түркістан облысында осы спорт түрлеріне қолдау көрсетудің ауқымды бағдарламасы да жасалған. Әр қазақ баласы жекпе-жекке бүйірі бұрып тұратын болғандықтан, халықаралық аренадағы жетістіктерді бұдан да жақсарту маңызды. Мәселен, Бекнұр Қуандық енді дамып келе жатқан белбеу күресінен ел намысын қорғап жүр. Ал, Мадина Аман әйелдер күресінен әлем чемпионатында қоланы қанжығалады. Жартылай финалда қола үшін талас болған кезде бұрымды палуан қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмаған. Спортшыларға облыстың бірегей формасымен қатар құнды сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, бапкерлеріне де құрмет көрсетілді. Жауынгерлік өнер қауымдастығы қауымдастығы облыстық филиалының құрметті президенті, Түркістан облыстық Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің бастығы Әбілсейіт Дүйсебавтың айтуынша, жыл соңына дейін де бірнеше байрақты бәсекелерде жерлестеріміз бақ сынайды. Айта кетер болсақ, биыл 9 айда жерлестеріміз Әлем чемпионаттарында - 19 алтын, 24 күміс, 18 қола, Азия чемпионаттарында - 7 алтын, 5 күміс, 4 қола, ҚР чемпионаттарында - 59 алтын, 32 күміс, 51 қола медаль еншіледі.