30 жастағы Алматылық Еркебұлан Жанахметов басын бәйгеге тігіп, өртеніп жатқан пәтерден зейнеткерді аман алып қалды. Ер адамның ерлігі бейнебақылау камерасына түсіп қалып, әлеуметтік желіде жарияланды. Видеода көпқабатты үйдің бірінші қабатының қалай өртеніп жатқаны көрсетіледі. Ер адам әлсіреген адамды көшеге көтеріп шығады. Оқиға кеше Наурызбай ауданындағы "Шұғыла сити" тұрғын үй кешенінде болған. Тоғыз қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде тұрмыстық заттар мен жиһаз өртенген. Тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнді.