Алматыда екі автобус соғысып, 19 адам зардап шекті. Бір адам жедел жәрдем жеткенше қаза тапты. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Жол апатының қалай болғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда Төле би мен Абылай хан көшелерінің қиылысында жоғары жылдамдықпен келген 92-ші және 201-ші бағыттағы автобустардың соқтығысып қалғаны көрінеді. Оқиға салдарынан 17 адам әртүрлі жарақатпен қаланың ауруханаларына жеткізілген. Біреуі медициналық көмектен бас тартқан. Жол апатына байланысты полиция арнайы сараптамалардың тағайындалғанын хабарлады.