Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды. Сондай-ақ Абай ескерткішін орнату үшін 4,5 млн теңге пара алды деп күдікке ілінген бірнеше лауазымды тұлғаларға да жаза кесілді. 11 айға жалғасқан атышулы іске бүгін №2 қалалық сотта нүкте қойылды. Айыптау актісі 55 бетті құрады. Хаменова Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес, яғни Ірі көлемде пара алу бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл арқалады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетіліп, «Құрмет» орденінен айырылды. Ол жазасын кәмелет жасына толмаған 2 баласының болуына байланысты 3 жылдан кейін өтейді. Ал Мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиев 7 жылға және Балқыту мекемесінің директоры Өміртай Адамов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кету керек, айыпталушылардың отбасы жағдайына жанұясында ауру балалары болғаны ескеріліп, жаза өтеу мерзімі 3 жылға шегерілді. Алайда айыпталушы Бақытгүл Хаменова бүгінгі үкіммен келіспейтіндігін мәлімдеді. Сот үкімі күшіне енген жоқ.