Бәйдібек ауданында төрт-түлікті аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан бойынша бүгінде 18 347 бас ірі қара мен 224 560 бас ұсақ мал сырғаланып, ауылшаруашылық дерекқор базасына енгізілген. Ірі қарасына екпесін ектіріп, жұқпалы ауруларды алдын алу мақсатында қан сынамасын алғызып, сырғалатып, ветеринарлық қызметті жүйелі алып отырған шаруагер Занилабдин Мырзатаев мал шаруашылығына жаңадан ден қойған азамат. Зейнеткерлік жасқа жеткен соң, үйде қарап жатпай, мал шаруашылығын дамыту мақсатында екеуден, үшеуден ірі қара алып, мал басын бүгінде төлдерімен қосқанда 20 басқа жеткізіп отыр Занилабдин Мырзатаев-шаруа - Малдың амандығы, жанымыздың саулығы екені рас. Бағып отырған ірі қара малдарға уақытылы екпесін егіп, жұқпалы ауруларды алдын алу мақсатында қан сынамаларын алғызып отырамын. Ірі бастарын сырғалап қойғанмын, енді төлдерін сырғалаттым. Аудандық ветеринарлық қызметтің ветеринар мамандарымен жиі-жиі хабарласып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап тұрамын. Бәйдібек ауданы мал шаруашылығына бейім аймақ болғандықтан, ең өзекті мәселенің бірі – малдың саулығы. Осы орайда, ауданда малдарға екпе салу, қан алу және сырғалау қызметтері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері бәйдібектік 100-ден аса ветериан 165 мыңға жуық ірі қараға аусыл, сібір жарасы, күл, оба, эктима, туберкулез сынды 16 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы екпе салды. 1 милионнан аса ұсақ малды кенеге қарсы егіп, шет аймақтардан әкелінген төрт түлікті тексеру жұмыстарын күшейтті. Ауданда барлығы 450566 бас уақ 41057 бас ірі мал толықтай тексеруден өткізіліп, вакцинация жұмыстары жүргізілді.Аса қауіпті болып саналатын – бруцеллез ауруын анықтау мақсатында, серологиялық тексеру әдісімен аудан бойынша 41 мыңнан аса ірі қара мен 450 мың уақ малдардан қан сынамалары алынып, тексерілді. Ауданда барлығы мал тоғытатын 37 орын, ірі қараны ұрықтандыратын 36 бекет, 1 ветеринарлық клиника мен сібір жарасының 61 ошағы бар. Сондай-ақ, мал өлексесін тастау үшін 48 шұңқыр дайындалған. Алайда қазір олардың 20-дан астамы толып, қабырғасы мен беткі бетондары құлаған.