Бұрынғы жұмыс орнына ұрлыққа түсіп, сейфтен ақша ұрлаған жігіт ұсталды. Оқиға Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы бетон өнімдерін шығаратын цехта болған. Аудандық полиция бөліміне кәсіпорын иесі шағымданған. Айтуынша, белгісіз біреу цех аумағында орналасқан қызметтік бөлменің ішінде тұрған сейфтен 1 миллион теңгеге жуық ақша жымқырып кеткен. Полицейлер бейнебақылау камераларын тексеріп, мекеме қызметкерлерінен жауап алған. Нәтижесінде күдікті сол мекемеде жұмыс істеп кеткен жас жігіт болып шықты. Тәртіп сақшылары оны Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінен ұстап, бөлімшеге жеткізген. Белгілі болғандай, күдікті сейфтен алған қаражатқа «iPhone» маркалы бағалы ұялы телефон мен өзіне киім-кешек сатып алған.