Кейінгі кезде мазмұны бей-әдеп сериалдар мен бейнеконтенттер көбейді. Сондай туындылар кинотеатрларға да шыға бастады. Депутаттар ұлттық құндылықтарды аяқасты еткен фильмдердің мәселесін қозғады. Мақпал Тәжмағамбетова министрлік прокатқа шығатын фильмдерге куәлік берерде қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан талаптар күшейтілуі тиіс дейді. Ал қазіргі кинотеатрларда көрсетіліп жүрген кейбір туындылар біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға тіпті мемлекеттік саясатқа, кереғар әсер етуде. Заңға сай 21+санатындағы фильмдерді кино залдарында кешкі сағат 10-нан таңғы сағ 6-ға дейін прокаттауға жол беріледі деп нақты көрсетілген. Алайда мұндай фильмдер кешкі сағ 6-дан бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын әлі танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды белден басу ма? Мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Рухани құндылығымызды қайтсек түгендейміз деп жүргенде, ұрпақты дүбара қылатын мұндай насихат жаудан да қауіпті болып тұр.