Жамбыл облысында жантүршігерлік жол апатынан 2 адам көз жұмды. Қайғылы оқиға Қордай ауданы Кенен ауылынан 10 шақырым қашықтықта болған. Тараздан Алматы қаласына бағыт алған «Тойота Альфардтың» 36 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік иесі оқиға орнында, 66 жастағы жолаушысы жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Жүргізуші әйел Түркістан облысының тұрғыны екені анықталып отыр. Ал 3 жолаушы Қордай аудандық ауруханасына жатқызылып, екеуі - қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емделуге жіберілген. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.