Жамбыл облысында заңсыз алтын өңдейтін жерасты цехы анықталды. Арнайы рейд жұмыстары кезінде, Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері құрамында бағалы металдар бар шикізатты, тастарды заңсыз өңдеумен айналысатын жерасты цехының қызметін тоқтатқан. Жеке тұрғын үйді тексеру кезінде электрлі ұнтақтау диірмені, кен қалдықтары, сынапты сұйықтық, екі үлкен қазандық және 10 тоннаға жуық алтын кені табылды. Қоймада 30 және 58 жастағы екі жұмысшы болды. Ұсталғандардың айтуынша, олар ақылы түрде жұмыс жасаған. Полиция қызметкерлері цехтың қожайыны 37 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады. Қазір осы дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке келтірілген залал көлемі анықталып жатыр.