Жетісайда батыр Амангелді Имановтың немересі дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округі Жеті қазына елді мекенінің тұрғыны, ұлт азаттық көтерілістің қолбасшысы, батыр Амангелді Имановтың немересі Рысбай Рахымбаев та өз таңдауын жасап, дауыс берді. 1951 жылы туған Рысбай Рахымбаевтан тараған 10 перзенті мен 50-ге тарта немересі бүгінде аталған ауылда үлкен әулетке айналып отыр. Бүгін батыр ұрпақтары кезектен тыс өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында да белсенді танытты. Бәрі де елдің жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасаған. Учаскелік сайлау комиссиясы батырдың ұрпағына құрмет көрсетіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. «Аллаға шүкір, еліміз тыныш, шекарамыз бүтін, ұйқымыз қанық, қарнымыз тоқ. Кейбір елдердегідей оқтың үні естіліп жатқан жоқ. Біздің ендігі мақсатымыз – қол жеткізген жетістіктеріміз бен жеңістерімізді сақтап, одан әрі дамыту. Ол үшін бүгінгі жасайтын таңдауымыз үлкен маңызға ие»,- дейді батырдың немересі. Айта кетейік, шағын ғана елді мекенде орналасқан №240 сайлау учаскесінде 778 сайлаушы болса, оның 4-і бірінші рет дауыс беретіндер.