Илон Маск айға туристтік жол саламын деп жүргенде, біздің халық әлі күнге жарыққа жарымай жүр. Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының халқы 2 жылдан бері шам жағып күнелтуде. Ең қызығы инфрақұрылымнан мүлдем мақұрым ауыл, облыс орталығынан 30-ақ шақырым жерде орналасқан. 200 жыл бұрын пайда болған электр қуатына әлі күнге қол жеткізе алмай жүрген тұрғындар тағдырын Алтынбек Әмит баяндайды. Муниса Ибрагимованың 2 жылдан бері көргені осы. Мектеп жасындағы 4 баласының жағдайын жасау үшін генератор қосып, ол бұзылса шам жағып күнелтеді. Басқа амалы жоқ. Атқамінерлерге арызын арқалап талай рет барыпты. «Жасаймыз», «жақсартамыз» деген жаттанды сөздерді естіп, әбден шаршаған жас ана «телеарнаға жүгінуден басқа амалым қалмады» - дейді. МУНИСА ИБРАГИМОВА – ҚАРНАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Жарық жоқ болған соң азық-түлікті сақтайтын тоңазтқышымызды да қоса алмай қалдық. Екі ай бұрын бұзылған тағам жеп балам өлім аузынан қалды... Мәселе тек электр қуатының жоқтығы ғана емес. 2013 жылы пайдалануға берілген жер учаскелеріне су, жол секілді инфрақұрылым жүйлері мүлдем жүргізілмеген. Әкімдіктен әрекет болмағандықтан 4-5 үйдің тұрғындары өзара қаржы жинап, жолға тас төсетіпті. Бірақ, ол ақша 100 метр жерге ғана жеткен. КАМАЛ – ҚАРНАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ - Кентаудың әкімімен кездесуде де бұл мәселені көтердік... Ал ауыл әкімдігі кінәраттың барлығы «Оңтүстік Жарық Транзиттен» дейді. Осыдан тура екі ай бұрын жарыққа жауаптылар тұрғындарға «аптаның аяғына дейін жұмысты аяқтаймыз» деп уәде берген. Бірақ, аптаның аяғы емес жылдың соңына жетседе, Оңтүстік жарық әрекетсіз отыр екен. БАХТИЁР ШАЙЛАВОВ – ҚАРНАҚ АУЫЛЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - Біз жауаптылардың барлығына хат жолдағанбыз... Ауыл әкімдігі тарапынан шыныменде жауаптыларға бірнеше рет хат жолданыпты. Ең қызығы дәл біздің түсірілім топ жағдайды анықтауға барған кезде аяқ асты жарық трансформаторы әкелініп, оны орналастыру жұмыстары басталып кетті. Осылайша 2 жылда шешімін таппаған мәселе, 2 сағатта шешілді. Тұрғындар енді тас жолымыз бен ауыз суымыз тартылса, заман ағысына ілесіп кетер едік деп отыр.